Туған өлке құндылықтары – қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында
Хиуаз Жумагалиева Ерболатовна
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
БҚО Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясы
«Жалпақ жұртыңды, игі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген Елбасымыз өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА ҚАРАЙ 20 ҚАДАМ» атты еңбегінде «Өлкетану» курсын енгізуді міндеттеді. Ендеше өлкетану жұмысы – қоғамның бүгінгі кезек күттірмес күрделі мәселелерінің бірі.
Қоғамдық-гуманитарлық пәндердің мазмұны мен сапасын өлкелік-танымдық тұрғыда толықтыру қажет-ақ. Біздердің әрқайсысымыз «Отан отбасынан басталады» деген мақалды жақсы білеміз. Яғни дүниеге келген әр сәби өзінің отбасын – ата-анасы мен бауырларын, көрші мен туысқандарын, достарын, мектебі мен мұғалімдерін құрметтеп өсуі тиіс. Бүгінгі мектеп партасында отырған бала – ертеңгі азамат қазыналы да жасыл желекті тау мен шөл даласымен алыс-жақын шетел мемлекеттерінің көз құртына айналып отырған Қазақстанымызды жан-тәнімен сүю үшін өзінің туған ауылы мен ауданының, облысының суы мен ауасын, өсімдігі мен аң-құс, жануарларын, тарихы мен әдебиетін білудің маңызы зор.
Ұлттық құндылықтар негізінде оқыту мен тәрбиелеу – баланың отансүйгіштік қасиетін толыққанды қалыптастыру деген сөз. Ғалымдар патриотизмді өз Отанын шексіз сүю, оған қалтқысыз қызмет етуі, ұлттың барлық қасиеттерін ардақтауы, қанмен туа біткен ұлттық қасиеттердің білім мен тәрбие арқылы бекіп нығаюы деп түсіндіреді. Отбасынан басталатын патриотизмге тәрбиелеу мәселесі туған өлкені танудан бастау алғаны жөн.
Өлкетану туралы материалдарды сабақта жиі қолдану оң нәтижесін беріп келеді. Сабақ үдерісінде өлке құндылықтарын тиімді пайдалану оқушылардың тарихи құбылыс заңдылықтарын толық түсініп, адамзаттың материалдық және рухани байлықты жасаушы ретіндегі рөлін түсіне білуіне мүмкіндік береді. Өзіне таныс жерлер мен адамдар туралы айтылған оқиғалар мен деректер әр нәрсеге қызыққыш, эмоционалды болып келетін балалардың жан қуаттарының оянуына түрткі болады. Өлкетану жұмыстарына балалардың жас кездерінен араласуы олардың ой-өрісін дамытады, еліміздің тыныс-тіршілігіментаныса отырып, қоғамға қажетті білімге құштарлық, байқағыштық, тапқырлық, ізденімпаздық қасиетке, өз бетімен шығармашылық іске ұмтылуына, болашақ мамандық таңдауына да игі әсер етері сөзсіз. Өлке тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін оқып-үйрену үшін өлкетанымдық білім қоры болғаны жөн. Ол үшін төмендегідей әдістер арқылы өлкетану жұмыстарына қажетті деректерді жинақтауға болады:
- Өлке тарихы, тыныс-тіршілігі туралы газет-журналдарда шыққан мақалалар, қолжазбалар, фотолар, кітаптар жинағы, түрлі құжаттарды іздестіру, жинақтау;
- Бөкей ордасынан шыққан қоғам, өнер, мәдениет қайраткерлері мен Кеңес Одағының Батырлары туралы дерек көздерін жинақтау;
- Жергілікті ақын-жазушылар туралы, Орда өңіріндегі күй өнері мен күйшілер туралы материалдар жинақтау;
- Көнекөз қариялардан фольклорлық шығармаларды (қара өлең, салт-дәстүрге байланысты туған өлеңдер, полигонға байланысты оңтүстікке көшкен кездегі қоштасу өлеңдер, лирикалық әндер, аңыз-әңгіме т.б.) жазып алу;
- Топономикалық зерттеулер жүргізу, жер-су аттарына байланысты аңыз-әңгімелерді теріп, жазып алу;
- Туған өлкенің экологиялық жағдайы туралы зерттеулер жүргізу;
210 жылдан астам тарихы бар қасиетті Орда өңірі өткен ғасырда-ақ өркениеттің бастауы болған. Мағжан ақын жырлағандай, «Батыр, хандар – асқан жандар» ұмытылған заманда біз Қазақстанда алғаш мектеп ашқан Ыбырай деп оқыдық. Сөйтсек Ыбырай атамыз дүниеге кеп жатқанда алғаш мектепті Жәңгір хан ашқан екен. Орыс географиялық қоғамының мүшесі болған Шоқанды жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп бағдарламасында 2 сағат оқимыз. Ал сол қоғамның күміс медалімен алғаш рет марапатталған Мұхамед-Салық туралы біле бермейміз. Сол себепті «Мұхамед-Ханафия мен Мұхамед-Салық» атты сабағымның мақсатын төмендегідей етіп алдым:
білімділік – Ш.Уалиханов туралы білімдерін терең меңгерте отырып, С.Бабажанов өмірі мен еңбектерінен мәлімет беру. Өлке тарихы туралы білімдерін тереңдету; тәрбиелік – ғалымдар өмірін өнеге ете отырып, өз өлке тарихын тани білуге, патриоттыққа тәрбиелеу; дамытушылық – сыни тұрғыдан ойлау арқылы өз пікірін қорғауға, дәлелді түйін таба білуге, өз бетімен ізденуге дағдыландыру.
Сабақ барысында оқушыларды 2 топқа бөлдім. Сабақтың «Қызығушылықты ояту» кезеңінде:
— Шоқан өмірі мен еңбегіне қатысты сұрақтар қойылып, топтастыру стратегиясы орындалды;
ШОҚАН |
ІІ Мағынаны тану
Салық туралы «Түртіп алу» стратегиясын орындау
V «білемін» | — «білмеймін» | + «мен үшін жаңа ақпарат»
(сабақ соңында толтыру) |
Салықтың жерлесіміз екені, Хан Ордасында кесенесі бар екенін білемін | Өмірі, ғылыми еңбектері туралы | Шоқан өмірі мен қоғамдық қызметіне өте ұқсастығы, награда алған тұңғыш ғалым екені |
Мұғалім сөзі: Мұхамед-Ханафия мен Мұхамед-Салық – текті әулеттен шыққан, тағдырлары, қоғамдық қызметтері ұқсас, қазақтың маңдайына біткен қос жұлдыздай аяулы екі тұлға. Біз осыған дейін Шоқан туралы біраз мағлұмат алдық. Ал Салық кім? Оның есімі Шоқанмен қатар аталуға лайық па? Салықтың қазақ ғылымында қандай орны бар? Бұл сұрақтарға екеуінің ғылыми еңбектері мен қоғамдық қызметтеріне талдау жасай отырып, жауап аламыз.
«ШОҚАН» тобы «САЛЫҚ» тобы
1. Білім алу жолы, алғашқы еңбек жолы | |
Арғы бабасы — Абылай, бергі атасы – Уалихан, өз әкесі — Шыңғыс төре – Шоқан Омбы кадет корпусында оқып, 1853 жылы әскердің корнеті дәрежесін бітіріп шығады. Айрықша Сібір корпусының штабына қызметке жіберіледі. | Атасы Бабажан – Нұралы ханның биі болған, әкесі Қарауылқожа – хан Жәңгірге қызмет еткен – Ссалық Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқып, 1851 жылы хорунжий атағын алып шығады. Орынбордағы шекара комиссиясына қызметке жіберіледі. |
2. Ғылыми еңбектері, мақалалары, ғылыми жетістіктері | |
1. «Жоңғария очерктері»
2. «Сот реформасы туралы жазбалары» 3. «Тәңірі» 4. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» 5. «Қырғыздар туралы жазбалар» 6. «Қазақ халық поэзиясының түрлері» 1857 жылы Императорлық орыс географиялық қоғамының толық мүшесі |
1. «Қазақтың қазақ туралы жазбалары»
2. «Қазаққа ара түсу» 3. «Балбалытас туралы» 4. «Қазақ ордасындағы аңшылық»
1861 жылы Императорлық орыс географиялық қоғамының қызметкер мүшесі. Осы қоғамның күміс медалімен марапатталған, ғылыми жетістігі үшін тұңғыш награда алған қазақ ғалымы |
3. Ел билеу ііне араласуы | |
ШОҚАН Ф.Достаевскиййге жазған хатында: «… өз отандастарыма пайда келтіру үшін сұлтан болсам ба деген ниетім де болған. Өз үлгім арқылы жерлестеріме олар үшін оқыған сұлтан-правителдің пайдасы қандай екенін көрсетуді ойлағанмын,»-дейді. | САЛЫҚ та әкімдікке көп араласқан. Ресей басылымдары: «…әрбір көзі ашық оқырман істің мәніне зер салса, Бабажанов мырзаның заңды құқықтық түсіндіруімен жеке басының, тіпті өзінің қазақ халқының мүддесіне ғана емес, бүкілхалықтық мемлекеттік мүддеде барынша дұрыс жолда тұрғанын аңғарады,» — деп жазды. |
4. Екеуі де — ұлтын сүйген ұлдар | |
ШОҚАН «Сот реформасында»: «Ресей империясына қарайтын өзге тайпалардың ішінен көптігі, байлығы, сірә, болашақта дамуынан үміттендіруі жөнінен алғашқы орын қазақ халқынікі,» — дейді. | САЛЫҚ «Қазақтың қазақ туралы жазбаларында»: «Біз, қазақ халқы, өтпелі кезеңде тұрмыз, барлық ақыл-ой жемісінің берген сәулесін қабылдап алуға дайынбыз және сол жолда бір адым кейін шегінбейміз,»- дейді. |
5. Жерге байланысты саяси көзқарастары | |
ШОҚАН: «Баянауыл стансасы үшін алда тұрған жер бөлу кезінде қыстақтар мен орман учаскелерін, ең алдымен, байырғы тұрғындар – қазақтардың алуын, ал одан қалғанын барып, казактарға беруді әділдік деп есептеймін. Өйткені казактардың жер алуы заң бойынша қазақтардың жайылымын тарылтпауы тиіс,» — дейді. | САЛЫҚ: «Қазақтар әлдеқалай даулы-таласты жерлерге аяқ басса болды, кез келген оралдық казак: «Неге бұл жерде атпен жортып жүрсің?» деп сөгіп, өздерін жер қожасының тәңірісіндей сезінеді. Шекара басшылары қазақтарға малдарыңды анда, ана жерге жайыңдар деп, әдейі әскери алпауыттардың малдары жайылып, көгін түгелдей жұлып жеп, отығып кеткен жайылымдарды көрсетеді,» — дейді. |
6. Екеуі де – жасын жарқылындай қысқа ғұмыр иесі | |
ШОҚАН сырқаты меңдеп, Алтынемел етегінде дүниеден өтті. | Зерттеушілер САЛЫҚҚА қастандық жасалды деген болжам айтады. |
7. Елінің ерлерін жоқтауы | |
Қанқожа қобызшы қаралы сарынмен күй төксе, Көкше елі:
— Қыршын жас қайран Шоқан өткен бүгін, Күйзелтіп елі-жұртын кеткен бүгін,- деп жоқтады. |
Бөкей елі:
— Салық өлді дегенше, алып өлді десейші, Алып өлді дегенше, халық өлді десейші,- деп зарланса, Дәулеткерей күйші «Салық өлген» атты күй шығарған. |
ВЕНН диаграммасын толтыру арқылы сабақты қорытындылау
ІІІ Ой толғаныс
«Заманынан ерте туған арыстар» тақырыбында оқушылар сабақтан алған мәліметтерін саралайды, әсерлері туралы ой бөліседі.Үйге тапсырма ретінде «Туған жерім – тұнған тарих» атты шағын шығарма жазып келу тапсырылды.
Дауылпаз ақын Махамбет жырларын өткенде Жәңгір ханға, Исатай-Махамбет бастаған көтеріліс тарихына соқпай кету мүмкін емес. Олардың арасындағы өшпенділікті тарихи зерттеулерге сүйене отырып, бүгінгі түсінік тұрғысынан әңгімелеу – өз алдына бөлек дүние.
Тек әдебиет сабағында ғана емес, қазақ тілі сабақтарында да өлкетану материалдарын молынан пайдалануға болады. Сөз таптарынан өткенді қайталауда деңгейлік тапсырмаларды төмендегіше мазмұнда қолданамын:
ЗАТ ЕСІМ. ЗАТ ЕСІМНІҢ ТҮРЛЕНУІ
І деңгей тапсырмалары
- Берілген мәтіннен жалқы есімдерді тауып, астын сызыңыздар.
Бөкей ордасындағы Жәңгір мектебінің қабырғасынан Ш.Уалихановтың замандасы, ғалым-этнограф, ағартушы Мұхамед-Салық Бабажанов шықты. Оның «Қазақтың қазақ туралы жазбалары» атты мақалалары «Северная пчела» журналында басылды да, 1861 жылы Петербургте жеке кітап болып басылып шықты.
- Мәтіннен көптік жалғауын қабылдап тұрған зат есімдерді теріп жазыңыздар.
«Бөкей ордасының қазақтары» атты орыс этнографы А.Харузиннің монографиясы Мәскеуде екі томдық кітап боп жарық көрген. Еңбек автордың 1887-1888 жылдары Ішкі ордаға барған кезінде жинаған деректері негізінде жазылған. Автор өз зерттеуінің мақсатын «Бөкей ордасында байқалған қазақтардың ескілікті тұрмысының күйреуі туралы» деп түсіндіреді. Осы орайда Харузин мынадай мәселелерді қарастырады: рулық, әлеуметтік құрылым, сот ісін жүргізу, тұрмыстың түрлі қырлары (мерекелер, ойындар, әндер, бейіттер, таңбалар т.б.), орыс поселкелерінің пайда болуы, антропологиялық мәліметтер, т.с.с. Екі кітапта да қысқаша мазмұндалған әдебиеттер тізіміне кең орын берілген.
- Мәтіннен тәуелді септеуде тұрған зат есімдерді теріп жазыңдар.
Бөкей мектептері – 19 ғасыр соңы мен 20 ғасыр басында Бөкей ордасының аумағында шәкірттерге арнаулы орта білім беру мақсатында ашылған оқу орындары. 1868 жылы Бөкей ордасының жеті әкімшілік-аумақтық бөлігінде бастауыш мектептер болды. 1883 жылы Ордада қазақ қыздарына арналған мектеп ашылды.
ІІ деңгей тапсырмалары
- Мәтіндегі қою қара түспен берілген зат есімдерге толық морфологиялық талдау жасаңыздар.
Жәңгір хан қазақ халқының шын ұланы ретінде өркениетке ұмтылды. Жәңгір ханның арқасында Хан Ордасы тек экономикалық ғана емес, мәдени де орталыққа айналды.1835 жылы хан жарлығымен осы өңірде бірінші мешіт салынды. Ханның қалауымен Ордада аурухана, дәріхана, архив, қару-жарақ палатасы жасалды.
- Төмендегі өлең шумағынан зат есімдерді тауып, қалай түрленіп тұрғанын анықтаңыздар.
Егер Бөкей көшпесе,
Еділ-Жайық бетке алып,
Құмнан аспай қалың жұрт
Қалар ма еді тоқталып?!
Айтам енді бір тоқтам,
сөзім емес ақырғы:
Батырлары бар елдің
Хандары да ақылды!
(Ғ.Сейтақ)
ІІІ деңгей тапсырмалары
- Берілген сөйлемдегі зат есімдерді тауып, олардың біреуіне сатылай кешенді талдау жасаңыз.
М-С. Бабажанов өзінің басылып шыққан еңбектерінде қазақтардың рухани мәдениетін түсіндіруге ұмтылды.
Зат есімдер:______________________________________________________
Таңдап алған зат есімің:___________________________________________
Тұлғасына қарай:_________________________________________________
Құрамына қарай:_________________________________________________
Мағыналық түрлері:______________________________________________
Түрлену жолы:__________________________________________________
Сұрағы:_________________________________________________________
Сөйлемде атқаратын қызметі:______________________________________
- Зат есімдерді қолданып, «Туған жерім – тұнған тарих» тақырыбында шағын мәтін құраңыздар.
Сондай-ақ етістіктің шақтарын қайталауда сабақтың лексикалық тақырыбын «Бөкей ордасы ауданы: кеше,бүгін, ертең» деп алдым. Немесе құрмалас сөйлемдерді өткенде мектебімізге есімі берілген Кеңес Одағының Батыры Темір Масиннің өнегелі өмірі туралы деректерді көбірек пайдаланамын. Өлке тарихын оқып-үйрену, іздену барысында оқушылар белсенділік танытумен қатар бүтіндей оқу материалын меңгереді. Білімдерін, танымдық іс-әрекеттерін күнделікті өмірде пайдалана отырып, болашақта да өз қажеттеріне жаратады деген сеніммен ойымды түйіндедім.
Туған өлке құндылықтары әр баланың өмір жолына үлгі болар рухани асыл мұраларына айналуы тиіс. Әрбір саналы азамат төл тарихын жете біліп, қадір-қасиетін ұққанда ғана, өткен жолын, қиындық-мехнатын, рухын, тар жол тайғақ кешулерін көз алдынан өткізіп, жан-тәнімен сезе білгенде ғана, елдің басын біріктірген тарихи тұлғалардың жат жұрттан жерін, суын, даласын қанын төгіп қайсарлықпен қорғап қалған ерліктерін қастерлей алғанда ғана Отанға, халқына деген мақтаныш сезімі оянады. Бүгінгі өзі басып жүрген топырақтың қадір-қасиетін жете түсініп, ата-баба рухына бас иетін болады. Елбасының «Туған жерге махаббат – отаншылдықтың негізі» деген ұлағатты сөзінің мәні де осында.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Қазақ әдебиетін оқытудың тәжірибесі мен болашағы» облыстық ғылыми-практикалық конференцияның материалдар жинағы. Орал, 2009
- Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясы. Алматы,2002
- Т.Боранғалиұлы. «Ғасырға сыр» Астана, 2001
- Бөкейорда тарихы. Орал, 2001
- И.Жұмағалиева. «Қазақстан мектебі» журналы. 1/2012
- Қ.Ж.Қайырлиева. «Соқпақ» журналы. 6/2010
- Ш.Шымырова. «Қазақстан тарихы» әдістемелік журналы. 11/2010
[bws_related_posts]