Тақырыбы: Жаңартылған білім беру бағдарламасының маңызы
Әлемдік білім беру жүйесінің көшінен қалмай, дамудың басым бағыттарын негізге ала отырып, өркениетке аяқ басу білім беру мазмұнына жаңа талаптарды алға тартуда. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңарулар, ең алдымен, жастардың мәдени, эмоционалдық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан даму мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталуда.
Білім беру бағдарламасының, оқыту тәсілдерінің және бағалаудың қалай құрылуы қажеттігінің мысалын Хименес-Алейхандренің дәлелдерді құрудың оңтайлы оқу ортасына арналған ұсынысынан көруге болады.
1) Оқушылар оқу үдерісіне белсене қатысады. Олар білімдерін бағалап, өздері ұсынған қорытындыларының дәлелдерін ұсынуы және бір-біріне сын тұрғысынан қарауы тиіс.
2) Мұғалімдер оқушыларға бағытталған және дәлелдерді құру мен талдауға арналған рөлдік модельдер ретінде әрекет ететін оқыту тәсілдерін қолданады.
3) Білім беру бағдарламасы проблемаларды шешудің тәсілдерін қамтуы тиіс.
4) Оқушылар мен мұғалімдер пікірлерді бағалауда білікті болуы тиіс және оқушылар тек жазбаша тестілеу бойынша ғана бағаланбауы тиіс.
5) Оқушылар өздерінің алған білімдерін қолдана алуы және білімдердің қалай алынғанын талдай білуі тиіс.
6) Оқушыларға диалогке және бірлескен оқуға қатысуға мүмкіндік беру керек.
Бастауыш білім берудің мақсаты: кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген оқушы тұлғасының үйлесімді қалыптасып дамуына қолайлы білім беру ортасын құру жөнінде атап айтсақ:
- Білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;
- Сын тұрғысынан ойлау;
- Зерттеу жұмысын жүргізу;
- Ақпататтық – коммуникациялық технологияларды қолдану;
- Коммуникативті қарым – қатынас тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды пайдалану;
- Топпен және жеке жұмыс жасай білу.
Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Сондай-ақ, «Бастауыш сынып пәндері бойынша критериалды бағалау және оқытуды жоспарлау» тарауында бағалау және жоспарлау әдіс-тәсілдері анағұрлым толық қарастырылған. Сонымен қатар педагогиканың түрлі аспектілері қарастырылған: қарым-қатынас жасау дағдылары (мұғалімнің жетекшілігімен жүретін оқылым және жазылым, дәлелдеу), белсенді оқу, зерттеуге негізделген оқу.
Педагогиканың барлық осы аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып, жаңа білім алуы туралы тұжырымдамаға негізделеді. Бұл жерде ең маңыздысы оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген таяз білім болмақ. Мұндай үстірт білім оқушыға қазіргі әлемде жетістікке жету үшін қажетті жоғарыда аталған сын тұрғысынан ойлау, рефлексия және басқа да дағдыларын, алған білімін қолдануына кері әсерін тигізеді. Оқушылар білімді толықтай меңгеру үшін ақпаратты енжар қабылдамай, сабаққа белсенді қатысуы керек. Оқушылардың алған білімдерімен жұмыс істеуге, оны әрі қарай өңдеп, өз дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін жаттығуларды орындауға мүмкіндіктері болуы аса маңызды болып табылады.
Жаңартылған оқу бағдарламасының басты ерекшеліктері мынада:
- — Пән мазмұнының спиралді қағидатпен берілуі
- — Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы;
- — бір білім беру аясындағы және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптардың» берілуі
- — оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар арқылы ұйымдастыру;
- — оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік-рухани қасиеттерін қалыптастыру;
- — білім беру деңгейлері аралығында пән бойынша сабақтастықты ескеруге мүмкіндік беретін толық оқу курсы бойынша педагогикалық мақсат қою;
- — бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сәйкес келуі, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға назар аударылуы;
— оқытудағы жүйелі-әрекеттік ұстаным (оқушының білім алу үдерісіне белсенді қатысу)
Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сыныптың білім беру бағдарламасы спираль тәріздес құрылымға негізделген. Оқушылар бастауыш сыныпта оқу бағдарламасы аясында игерілетін негізгі дағдыларға мезгіл-мезгіл қайта оралып отырады. Мысалы, оқу бағдарламаларындағы кейбір оқу мақсаттары оқушылардың шынайы өмірде кездесетін проблемаларды анықтап, оларды зерттеуін талап етеді. Оқушы сыныптан сыныпқа ауысуына қарай бұл проблемалар күрделене түседі. Проблемаларды шешу тәсілі негізінен дүниетану мен жаратылыстану пәндерінде қамтылған және математика бойынша оқу бағдарламасының негізгі тәсілдерінің бірі болып табылады: проблемаларды шешу қабілеті сандар, алгебра, геометрия, әсіресе математикалық модельдеу бөлімдерінің құрамдас бөлігі болып табылады. Проблемаларды шешуге арналған жаттығулар оқушыларға таныс емес мәселелерді қамту арқылы олардың қызығушылығын оятып, оларды жаңалық ашуға және өз тұжырымдарын жасауға ынталандыруы тиіс. Олар оқушылардың дайын стандартты жолдарды пайдаланбай, мәселенің шешімін іздеп, оны өз бетінше табуға ұмтылуды және заңдылықтарды зерделеуін қажет етеді, сол арқылы белсенді оқуына ықпал етеді.
Белсенді оқу
Белсенді оқу оқушының мұғалімді енжар тыңдап қана қоймай, белсенді жұмысқа тартылуын көздейтін оқыту және оқу әдістерінің бірі болып табылады. Бұл тәсілдер оқу үдерісі жаттығудың алдында емес, оны орындау барысында жүзеге асырылатын құбылыс екендігін түсіндіреді. Сыныпта қолданылатын бұндай тәсілдерге топтық жұмыс, ойын «баламалары» және пән бойынша белгілі тақырыптағы ойындар кіреді. Бастауыш сыныптарда ойын шынайы өмірдің белгілі бір аспектілерін модельдеу және зерттеу үшін ұсынылған мүмкіндік болып табылады. Домино және карта сияқты дәстүрлі ойындар математика сабақтарындағы кездейсоқтық пен ықтималдық мәселесін қарастыруда оңтайлы болмақ. Шарада, тақтада сөздерді біріктіру немесе сөздерді жіктеу сияқты ойындар – тіл үйренуді қамтамасыз етудің және оны көрсетудің бірден-бір қызықты әрі тартымды тәсілдерінің бірі. Көптеген стратегиялық ойындарды (мысалы, «Алға») деп аталатын ежелгі қытай ойыны) тұрғындар мен қоғамның өсуін модельдеу үшін пайдалануға болады.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің қолданылатын тағы да бірқатар тәсілдер:
- Мұғалімнің жетекшілігімен жүретін оқылым мен жазылым;
- Қарым-қатынас жаттығуларын пайдалану;
- Проблема шешу мақсатында жеке және топта жұмыс істеу;
- Орындау арқылы білім алу (әрекет ету арқылы);
- Ашық сұрақтарды пайдалану;
- Дәлел ұсынуға ынталандыру;
- Зерттеу барысында бірлесіп жұмыс істеу;
- Зерттеуге негізделген оқу, оның барысында оқушылар мәселені жеке өздері зерделейді.
Тілдесу арқылы қарым-қатынас жасау дағдылары
Тілді оқытудың тәсілдері көп екені белгілі, алайда әлеуметтік-лингвистикалық тәсіл тілдің әлеуметтік моделіне назар аударады. Оқушылар үшін қандай да әлеуметтік жағдайда қандай тіл орынды екенін түсіну маңызды (жазбаша және ауызша). Оқушылар тиісті әлеуметтік тілді, соның ішінде нақты жағдайға сәйкес келетін грамматиканы, құрылымды және лексиканы таңдай алу үшін мұғалімдер мәтіннің мақсатын және оның кімге, қандай аудиторияға арналғанын түсінуге көмектесу керек. Оқушылар қарым-қатынас жасауда өзінің тілді тиімді қолдана алатынын көрсету үшін мұғалімдердің оқушыларды түрлі мәнмәтіндермен таныстыруы маңызды болып табылады.
Оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым – бастауыш сыныптардағы барлық пәндер үшін маңызды болып табылатын қарым-қатынас жасау дағдылары. Сондықтан оқушыларға осы 4 дағдыны барынша жетілдіруге мүмкіндік берудің маңызы зор. Нақты белгілі бір дағдыны жақсарту тәсілдерінің бірі – осы дағдыға ерекше назар аудара отырып, содан кейін бірнеше тілдік дағдыны қамтитын жаттығуларды біртіндеп енгізу болып табылады. Мысалы, тақырыпты талқылау тиісті лексиканы қолдануды көздейді, сол арқылы оқылым бойынша тапсырмаға қызығушылық туғызады, осыдан кейін оқығанның негізінде жазбаша тапсырма орындаудың үлгісі ұсынылады. Дағдыларды осылайша біртіндеп енгізудің тағы бір жолы – аудио-мәтін тыңдап немесе бейнематериал көрсетуге болады, содан кейін пікірталас жүргізуге немесе жазбаша тапсырма орындауға болады. Сонымен қатар, қарым-қатынас жасау тәсілі тілді жай ғана пайдаланып қоймай, тілдесуге арналған мақсатты қамтамасыз етеді. Қарым-қатынас жасаудың мақсаты, айталық, бірнәрсе туралы белгілі бір фактіні анықтау үшін сұхбаттасу немесе әңгімені тыңдап, содан кейін мазмұнын айту болуы мүмкін.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы оқыту мен оқуға сындарлы көзқарасты қолдайды, ол оқушыларды мұғаліммен және бір-бірімен диалог жүргізуге ынталандыруды көздейді. Диалог аясын кеңейту үшін мұғалім сабақты оқушылар оны тыңдап қана қоятындай емес, нақты пән немесе тақырып туралы ойлана алатындай белсенді етіп жүргізу керек. Мұғалім сұрақ қоюды ойластырған кезде ол сұрақтарға берген оқушының жауабы жаңа сұрақ тудыратындай болуы тиіс. Салмақты жауап беруді қажет ететін тиісті сұрақ қою үшін мұғалім алдымен қойылған сұраққа қандай жауап ала алатынын ойластыруы керек. Егер мұғалімнің сұрақтары бұлыңғыр болса, онда өзі де бұлыңғыр, екіұшты жауап алады. Сонымен қатар, сұрақтар оқушылардың жауаптарын шектемеу керек, керісінше, оқушыларға мәселені мейлінше зерделеп, жауапты өз бетінше қалыптастыруға еркіндік ұсыну керек. Оқушылар өзінің жауабымен белгілі үлес қосатындығын сезінуі үшін мұғалім жауаптарды зейін қойып, айқын қызығушылықпен тыңдауы керек. Бастауыш сыныпта оқитын оқушылар анағұрлым жан-жақты және күрделі жауап бере алады.
Мұғалімнің жетекшілігімен жүретін оқылым және жазылым
Мұғалімнің жетекшілігімен жүретін оқылым оқудың сындарлылық теориясына негізделеді, яғни оқушылар жаңа ұғым туралы сын тұрғысынан ойлана отырып, оның мәнін, мағынасын ұғынады, оны бұған дейінгі білімімен байланыстырады. Мұғалімнің жетекшілігімін жүретін оқылымдағы мұғалімнің рөлі мұқият ойластырылған сұрақ қойып, нұсқау беріп, пікір таластыруға тартып және бағамдай отырып, тапсырманы орындардың алдында, орындау барысында және орындағаннан кейін ойлануға жетелеу әрі қолдау көрсету болып табылады . Мүмкіндіктері бірдей оқушылар топ болып мұғалім таңдаған мәтінмен немесе тапсырмамен жұмыс істейді. Олар оқылым/жазылым әдіс-тәсілдерін пайдалануды және материалдарды өз сыныптастарымен және мұғалімдермен талқылауды үйренеді.
Дәлелдеу
Жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын қалыптастыру және оларды қолдану – бастауыш сыныптың білім беру бағдарламасының өзекті аспектісі. Осы ойлау дағдыларын қалыптастырудың ең басты тәсілдерінің бірі – дәлелдеу. Дәлелдеу бастауыш сыныптарда кез келген пікірталас бастау, жүргізу және оны бағамдау үшін маңызды, әсіресе, математика үшін оның маңызы өте зор, себебі онда бір есептің бір ғана шешімі болғанымен, оған жетудің тәсілдері толып жатыр. Бұл сондай-ақ Қазақстандағы жаңартылған білім беру бағдарламасында басым болып табылатын бірнеше құндылықтар мен дағдыларды, мысалы, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау, қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытудың негізгі тәсілі.
Кестеде көрсетілгендей, төменгі сынып оқушыларына арналған тапсырмаларда әртүрлі ақпарат көздері қолданылады. Алдағы уақытта оқушылар тақырыпты түсіну үшін ақпаратты пайдалана бастайды. 4-сыныпқа қарай оқушылар дәлелдеу дағдыларын пайдаланады, соның нәтижесінде олар жиналған деректердің негізінде өз көзқарасын ортаға салып, талқылауға қатысады.
Дәлелдеу үдерісі зерттеуге негізделген оқу тәсілін толықтырады. Зерттеу тақырыбы белгіленгеннен кейін мұғалім оқушыларға шағын топтарда жұмыс істеп, сурет, диаграмма, график немесе алгоритмдерді пайдалану арқылы зерттеу немесе проблеманы «елестетуді» ұсынады. Содан кейін оқушылар өз ақпаратын басқа топпен немесе топтармен «салыстыруы» керек. «Түсіндіру және дәлел келтіру» деп аталатын келесі кезең оқушыларға өздерінің көзқарастарын түсіндіруге, түзетуге, ретке келтіріп, кез келген қате пайымдауларды анықтауға мүмкіндік береді. Әрбір топ идеяларды талқылау және «мақұлдау» үшін барлық сыныпқа өз шешімдерін ұсынады.
ХХІ ғасырдың қарқынды ілгерілеу ырғағына қатар ілесу үшін, өзара тығыз байланысты және көпмәдениетті әлемде қалыптасқан қазіргі жағдайда оқушылардың өз бетінше оқу дағдыларын дамыту аса маңызды болып табылады.
Бастауыш сыныпта оқыту оқушыларды төменде аталған мүмкіндіктер есебінен дамытуды көздейді:
- ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік ұсыну;
- кез келген қабылданатын ақпаратқа сын тұрғысынан қарап, талдай білу дағдысын белсенді дамыту;
- өзіндік рефлексия және тәуелсіз, өз бетінше ойлануға ынталандыру;
- кез келген өмірлік жағдайда немесе жұмыста кездесетін негізгі жаһандық проблемаларды түсіну және оларға сәйкес әрекет ете білуге ынталандыру.
Бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндерді оқу арқылы оқушылар өз түсінігін кеңейте отырып, өзінің ой-пікірі үшін жауапты болуға үйренеді. Оқушылар өзіндік көзқарасы мен пайымдауын қалыптастырып, дамытуға, мұқият зерделеуге және өз ойын сенімді айта білуге дағдыланады. Мысалы, олар дәлелдерді талдау мен бағамдауды және ойлау дағдылары туралы ойлануды үйренеді. Сонымен қатар, пәнаралық байланыс орнату арқылы олар ақпаратты тиімді пайдалануды үйренетін болады.
- Оқушыларға пән мен тақырып арқылы байланыс орнатуға көмектесу үшін мұғалім мақсатты сұрақ-жауап жүргізе алады;
- Мұғалім оқушыларға портфолиосындағы жұмыстарын тақырыптар бойынша сақтауға ұсына алады, бұл пәнаралық байланысты айқын көруге мүмкіндік береді.
Сабақтарды жоспарлаудың басты аспектісі ретінде оқушыларға пәнаралық байланыс орнатуға көмек көрсетумен қатар, оқушылардың білім-білік дағдыларының артуына қарай жүзеге асырылатын лайықты педагогикалық тәсілдерді таңдау болып табылады. Мысалы, мұғалім оқушылардан пән бойынша білімі мен дағдыларын қолдануын талап ететін проблема шешу тапсырмасын бере алады. Тіпті оқушылардың өз күшіне деген сенімі артып, өз бетінше жұмыс істеп үйренген күннің өзінде де мұғалім жай ғана сырттан бақылаушы болмай, оқуға «ынталандырушы» болуы маңызды екенін ұмытпаған жөн.
Қорытындылай келгенде, мұғалім үшін мыналар маңызды болмақ:
- — сабаққа тың ойлар мен ынталандырушы материалдарды енгізу;
- — оқушылар өзінің ойлауы мен оқуы туралы ойлана алуына жағдай жасау үшін логикалық ойлау мен зерттеу дағдыларын енгізу;
- — оқушыларға өздеріне қызықты салаларда сұрақ құрастыруға көмектесу;
- — топтық жұмыс жүргізуді көздейтін жаттығуларды енгізу;
- — оқушыларды бір-бірімен қарым-қатынас жасап, диалог құруға ынталандыру;
- — оқушылардың қызығушылықтарын қанағаттандыру;
- — оқушыларды өз бетінше ойлануға жетелеу;
- — оқушылардың логикалық ойлау дағдыларын дамытуға көмектесетін сұрақ қою;
- — оқушыларға өздерінің ойлау дағдылары мен ғылыми-зерттеу дағдыларын қолдануды ескертіп отыру;
- — жекелеген оқушылармен «көзбе-көз» кездесу ұйымдастыру;
- — оқушыларға өзіндік жұмыстарда жетістікке жетуге мүмкіндік беретін жобаларды жоспарлау және ұйымдастыру.
- Қорыта айтқанда, міндет ауыр, мақсат айқын. Отандық іс-тәжірибе негізінде әлемдік тәжірибедегі алдыңғы қатарлы идеяларды басшылыққа ала отырып, функционалды сауаттылығымызды арттыру үшін сыни тұрғыда ойлай алатын мұғалімдер қатарын көбейтсек, жақсы нәтижеге жететініміз сөзсіз. «Шын ілім адамдарды биік ізгілікке үйретеді, ол – адамдардың жаңаруы»-деп атап көрсеткен ойшылдың сөзімен аяқтағым келеді.
- [bws_related_posts]