Басы » Баяндамалар » Дана тұлға , дара тұлға Қанышым

Дана тұлға , дара тұлға Қанышым

жанатОҚО
Қазығұрт ауданы
Қаныш  Сатпаев атындағы лицей мектебі
Мырзашева Жанат Аманжолқызы
Дана тұлға , дара тұлға Қанышым

Өмірі мен ісі халықтың өнегелі қазынасына айналған адамдардың тіршілігі мен іс-әрекеті жөнінде жазу өте күрделі іс болса керек, өйткені  адал ізгі ниеттен ешбір ауытқымай жазып отырғанның өзінде шындықтан алшақ кетіп қалу оп-оңай.Үлкен адамдардан қалған рухани мұраға жеңіл-желпі қараушылықтың өзі жақсылыққа апармақ емес. Өмірі халыққа өнеге болған қайраткерлердің тұңғиық терең ойын, серпінді шабытын, кең мейірімін өзінің шалшықтай тайыз ойына, құлаштауға келмейтін шабыт серпініне, таяз мейіріміне сыйғызам деп әлек болған жазғыштардың қаламынан шындыққа сыйыспайтын талай жазбалар шығатынын көпшілік біледі. Сонда да игілікті ісімен халықтың есінде қалған адамдар туралы біз жазуға тиістіміз. Өйткені үлкен адамдар туралы жазу дегеніміз, олардың өмір тарихын зерттеу болып табылады. Олардың игілікті істерін, тіршіліктегі ғибратын кейінгі буындар тек ойланып, жіті зерттесе ғана іске асырып, бойына сіңіріп, өз игілігіне пайдалана алмақ. Өнегелі адамдардың өмір тарихында өз кезіндегі тіршілік жетістіктері, тәжірибесі жинақталған. Бұл тәжірибені мейлінше пайдаланбайынша халықтар алға қойған мақсатына жету жолында ойдағыдай жедел ілгерілей алмас еді. Бүгінде аса көрнекті совет ғалымы және мемлекет қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қызметі, мамандығы, лауазымы және қоғамдағы орны жағынан ерекше оқшау тұратын адамдар қатарына жататына ешкім де шүбә келтірмес. Бұл ағамыз тек қазақ халқы үшін ғана емес, барлық совет елі үшін туған аса ірі геолог, Қазақстанның табиғат байлығын зерттеуші, Қоммунистік партияның адал перзенті шын мәніндегі дарынды ғалымы.  Ендеше ағаның бір өзін  бірегей құбылыс деп те қарастыруға болады . Қаныштың туып-өскен, бала күнінде ойнақ салып қызықтаған жері Арқаның бір сұлу елкесі — Баянауыл тауының сыртқы бөктері, Ақкелін. Ол кезде, көшпелі тұрмыста адамның тууы мен некеленуі сияқты азаматтық әрекеттерді қағазға түсіріп отыратын мекемелер болмаған ғой. Бірақта біз ғалымның туған күнін осы кезде дәл білеміз. Бұл үшін болашақ академиктің әкесінің ықтияттылығына ырзашылығымызды білдіруіміз керек. Баласының туған күнін ол кісі үйдегі құранның мұқабасының ішкі жағына жазып қоюды ретті деп тауыпты. Сол жазба былай деп оқылады. «Доңыз жылында, яки, жаңа, есеппен 1899 десек, наурыз айында, яки, марттың 31 жұлдызында жаппар жаратушы Имантай деген құлына ұл берді. Нәрестенің есімін Ғабдұл-Ғани деп қойдық». Қаныштың өз әкесі Имантай — ақылды, момын, терең ойлайтын, әр нәрсені ақылмен, сабырмен шешетін кісі болған. Қөп жасаған өмірін ол кісі ескі заманның әділетсіз зұлымдық істеріне қарсы қойып, жәбірленген, жапа шеккен адамдарға көмек керсетуді зор мақсат еткен екен. Имантай кісі  ғылымды, ой жұмысын жақсы көрген. Революциядан бұрынғы қыр қазақтары арасында Сәтбаевтардан көп оқыған ауыл болған емес. Олардың ішінде Қаныштың ағасы Әбікей Сәтбаев Омбының семинариясын бітіріп, сол кездің өзінде орыс тілі мен әдебиетінің бірінші маманы болып шығады.  Қаныштың екінші ағасы Кәрім Сәтбаев та семинарияда оқыған, жүйрік, білгіш адамның бірі, жан күйі өнерді, музыканы сүйген кісі болады. Қаныштың емшектес ағасы Ғазиз (Бөкеш) домбыра тартатын  күйші, сүйіп оқитыны Абай, Пушкин, Лермонтов еді, «Евгений Онегин» романы болса керек. Қаныш аға да сондай кішіпейіл кісі болаған деседі.  Ол кісі  «Бөкежанның қасында мен түк емеспін. Оның жүйріктігі менен асқар таудай биік тұратын» -деуі ол кісінің кең жүрегі мен қарапайымдылығының  жарқын дәлелі емей, немене?!Октябрь революциясынан кейін қалың бұқара ғылым арнасына ұмтылуының арқасында халқымыздың өмір-тіршілігіне шұғыл өзгерістер енді. Бұл шұғыл өзгерістер, әрине, сол кездегі  дүниелік көзқарас пен  дәстүрімізге, бағытымызға атам-заманнан орын алған кейбір ұлттық ментолитетімізге, психологиямызда қалыптасқан қасиеттерге қайшы келіп, қиыншылыққа соққызбай еткен жоқ.Міне, осы жағдайда сол жігіт өз тағдырын қалай шешті?! Өзінің сүйікті әрекетіне қалай кірісті? Айналасындағы қарама-қарсы кедергілерді қалай жеңе білді? Оның үстіне ғылым салаларын өрбітуге арналған жердің өзінде бұрын мардымды ештеңе болмағанын да ескеру керек қой. Міне, осы жағдайда біздің халқымыздың ескіден келе жатқан табандылығы, жаңаға, ақиқатқа деген ұмтылысы сол бір ардагер ұлының іс-әрекеті арқылы білінді.  Академиктің қол жазба қорынан оның балалық шағы туралы деректер іздестіргенімде«Мен қиыр далада, көшпелі қазақ үйінде тудым»денеген сөздерінен ағаның өзі туралы айтуға, жазуға тура келгенде, сөзге тым-ақ сараң болғынын байқауға болады , мүмкін ,бұл- ол кісінің қарапайымдылыққа негізделген ұлылығы да болар.Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірі мен іс-әрекеттерін топшылаған кезде,бұрынғы көшпелі ел жайлаған далада, Сарыарқада, тек киіз үйді ауылдар ғана мезгіл-мезгіл кезіп өтіп жүрген бір түкпірге зер салғандығын байқауға болады .  Ол аға сол жерден әлем білмеген байлық табамын деген еді.Бұл кісінің өмір тарихы кеше ғана құлазыған даламызда ғылымның өніп-өрбуі, дамып қалыптасуы арқылы, сол ғылымның жемістерін халық игілігіне пайдаланып, ғылымды қоғамның өндіргіш күшіне айналдыру ережесін іске асыру жөніндегі белсенді іс-әрекеттері, сансыз ойшылдық бастамалары бірден-бір өнегелі тәжірибе емес пе?Өзінен бұрын да, өз тұсында да кездескен осындай ардақты адамдардың орны мен еңбегін бағалай келіп, қазақ халқының алып ақыны Абай кезінде былай деген екен:

Өлді   деуге   сыя   ма,   ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын   артында   сөз   қалдырған.

Қаныш аға Сәтбаевы сондай-ақ қазақ халқының Шоқан, Ыбырай, Абайлар арқылы айтылған өткендегі арман ойының советтік дәуірде жүзеге асуы жөнінде ерлік істер жасаған адамның бірі ретінде де қарастыруға болады .Ол өзінен бұрынғы Шоқан, Ыбырай, Абай секілді дана адамдардың өсиетін еске ала отырып, халық мүддесін іске асыруды ойлап, орыстың ғылымын үйренуге, сол арқылы халқына шат өмірдің нұрын шашуға бел байлады. Бұл үшін ол орыс мектебіне түсіп оқиды. Тұла бойын талант кернеген, жүрегін халыққа қызмет ету ардақты міндет деген сезім билеген Қаныш орысша оқып, білім алады, болашағына көз жібереді. Халқына қызмет ету үшін білім керектігін сезген Қаныш 1921 жылы Томск қаласындағы технология институтына оқуға түседі де оны 1926 жылы бітіріп шығады.Жоғары дәрежелі білім алған жас инженер барлық ынта-жігерін, күш-қуатын, білімін халыққа қызмет етуге арнайды.

«Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге Кетігін тап та бар қалан» —

деп, Абай айтқандай жас инженер Қаныш жоғары оқуды бітіргеннен кейін халқы үшін қызмет етуге кіріседі.Қазақ халқының абыройын асырып, совет елінің мақтаны болған асыл азамат Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жаңа орынға келісімен Қазақстан жеріндегі кен байлықтарының бәрін зерттеп, табысқа табыс жалғап, молайтумен болды. Әсіресе, ел-жұрттың жауыз-дұшпаны — неміс басқыншыларымен болған Ұлы Отан соғысы шағында, Қаныш бастаған ғылым орындарының көмегі аса зор болды. Майданға керек болған кен қазынаның бәрін тез тапкызып, мол алғызып отырды.

Оқымыстының бәрі бірдей ғаламат ақыл иесі бола беруі шарт емес, білімінің бәрі бірдей сөз иесі, сөз сырын кадірлейтін, өз ойын кесек-кесек тұжырымдармен баяндай білетін жан бола бермейді.  Ағамен үзеңгілес болған, талай тамаша істерін көзімен көріп, құлағымен естіген  қазақ зиялылары  ол кісіні әрқашан зор мақтаныш сезіммен айтып , жас ұрпақ  алдына үлгі етіп тартып отырады.  Мәселен, қазақ халқының қазіргі аса дарынды ақыны Ә. Тәжібаев жасы кіші болғанымен академик Қ. Сәтбаевпен замандас болған, өмірлік ісін көрген, ұстаздық сөздерін өз құлағымен естіп, токыған адам, сол себептен де ол өзінің «Монологтар» деп аталатын поэмасында Қ. Сәтбаев аузынан шыққан бейнебір өсиеттік мәні бар сөздерді былайша шебер жырлайды:

Қадірлеңдер   әр   сағатын   уақыттың,
Әр сағатты бір өмір деп караңдар.
Кадірлендер, бір-біріцді, аяндар,
Бір-біріңді   бауырым   деп   санандар.
Ауырмасын   ауыр   сөзден   жүректер,
Көңілдердің көркі сола калмасын.
Қуанышқа   мұздай   тамшы   тамбасын,
Күлкілерге күйік таңба салмасын.

 Аға техникалық ғылымдар былай тұрсын, қоғамдық ғылымдарды, оның ішінде, әсіресе, қазақ әдебиеті мен фольклоры, тарих, құқық,экономика,қазақ тілі салаларында Қаныш ағаның мағлұматы мол болатын, бағалы кеңестер беретін, өзіндік қосқан үлестері де жоқ емес еді. Ол кісінің « Ер Едіге » дастанына  жазған алғысөзі мен «Обаған» әңгімесіне жасаған талдауы әдебиеттің де соның ішінде ауыз әдебиетінің де жетік білгірі екендігінің дәлелі. Қаныш ағаның «Мелиоранскийдің бастырған «Ер Едігесінің»аты қазақша болса да , заты ноғайшаға жуықтаңқыраған түрі бар.Мұның үстіне әңгіме ішінде келетін түрлі толғаулардың да аяқ алысы тасырқаған малдың тұяғынша , сандыраққа айналыңқырағаны көрінеді»,дейді де көне дастанды қайта жөнге келтіріп , дұрыстап қазақшаға аудартып, кітап етіп 1927 жылы Мәскеуде бастыруы, нағыз ұлтының жыртысын жыртқан, қыран мінез намысқойлықтың өзі емес пе ?Осылай өнердің бар түріне сүйсіне қарайтын, мол қамқорлығын көрсететін, осы салалардағы табысты ұлт мәдениетіне, совет елі мәдениетіне қосылған үлкен үлес деп танитын. М. Әуезов, А. Жұбанов, С. Бәйішев, Ә. Марғұлан сияқты қоғамдық ғылымдар саласындағы көрнекті оқымыстыларды Қанышағаның  қатты сыйлайтындығы, жоғары бағалайтындығы өне бойы сезілетін. Әсіресе Абай мен Жамбыл сияқты алыптарды айтпағанда кезінде социалистік реализмнің сойылын соғарлары қыспаққа алып жатқанда М . Әуезовтың «Абай» эпопеясына араша түсіп,мақала жазуы әдебиет сынын меңгеріп қана қоймай , философияның негізгі бір саласы ретінде бойына толық сіңіре алғандығының арқасында  осы шығарманы  «Бұл XIX ғасырдағы қазақ халқының алуан саладағы тіршілігінің нағыз энциклопедиясы» деген бағаны алғаш айтқан да Қаныш аға екені де белгілі.Ағаға Ә.Марғұланның « Сәтбаев әнші болса , Шаляпиндей болар еді , сыншы болса Белинскийдің өресіне жетіп , қазақтың « Виссарионы »атанары сөзсіз»деген бағасы неткен тауып айтылған теңеу деп таңданбасқа шараң жоқ.Ол кісінің кіріспе, баяндама, қостама сөздерінде, мамандарға керекті біліммен қоса, өмірден алынған, өмірге үйрететін терең сырлар мен үлкен ойлар жататын, оларды жүрекке жайлы, көңілге қонымды, сырлы да қысқа ұғымдар арқылы тыңдаушыларға жеткізе білетіні жайлы замандастарының естелік жазбаларынан көптеп кездестіруге болады . Жалпы  Аға әлемін зерттеудегі байқалатын ерекше жайт, ол кісінің үлгі өнегеге толы қысқа ғұмыры қазған сайын ашыла түсетін бейне бір сарқылмайтын рухани қайнаркөздің кені дерсің, тоймайсың, ағаның әлде де ашылмаған қыр-сыры ұшан теңіз-ау, сірә.Қайран аға, ғұмырың соншама қысқа еді! Әрине,ел, халық тарихында өшпес із қалдырған, аңыз ретінде айтылып жүретін, ұрпақтан ұрпаққа тарайтын, өмірге бейне-бір үлгі-өнеге болатын абзал адамдар болған және бұдан былай да бола бермек. Мұның нәтижесінде еліне, халкына жан-тәнімен адал қызмет атқарған адам өлгеннен кейін де ғасырлар бойы ел тарихында, халық санасында сақталып жүретіні сөзсіз.Осындай адамдардың бірі — қазақ халқының адал ұлы, білімпаз уәкілі академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев .Қаныш аға — аяулы ғалымдығымен бірге ол халықтың сүйген ұлы, бар өмірін, білімін ел игілігі үшін сарп еткен кісі. Сондықтан оның әдемі жарқын бейнесі біздің жас ұрпақтар үшін аса қадірлі, аса қымбат екені даусыз

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *