Ибраева Жанар
Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы № 4 орта
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
ОҚУ ҮРДІСІНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫЕНГІЗУДІҢ ТИІМДІЛІГІ
Бүгінгі заман – бәсекелестік пен жоғары технологиялар заманы, ғылым мен білім заманы. Сондықтан бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет. Білім беруді жаңарту –бұл үнемі алға қарай ұмтылу мен даму үрдісі.
Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында елімізде білім берудің жаңа жүйесі құрылуда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 8- бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті- ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллект байыту» делінген. Бұл еліміздің болашағы білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыру тәрізді мәселелерді және ұстаздарға өзінің білім, білік сапасын өсіру мен дамыту міндеттерін қойып отыр. Осы мемлекеттік талаптарды, міндеттерді жүзеге асыратын кім? Ол- жаңа заман мұғалімі. Олай болса, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін ұстаз – биік тұлға.
Бүгінгі таңдағы мұғалім қандай болу керек? Ол шығармашылық қабілетін шыңдай түсетін мұғалім деп, мынадай сызбамен беріп отырмын:
Оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру қызметтері арқылы шәкіртін шығармашылық жолға жетелейді. Нәтижесінде қоғам талабына сай тұлға қалыптастырады. Шығармашылық деген шыңға түзу жолмен көтерілу мүмкін емес, ол жолдың соқпағы, сүрлеуі болады. Дегенмен, ізденімпаз, өзіне талаптар қоя білетін, кәсіби деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген мұғалімнің шығар тауының биік болу мүмкіндігі мол.
Білімнің сапасы, ең алдымен, мақсаттың және нәтиженің сапасы, одан кейін басқарудың, ұстаздың, педагогикалық әрекеттің, оқушының сапасы, ең соңында педагогикалық үрдістің сапасы. Бұл –жаңа кезеңде адамдарды өмір сүруге баулу үшін бұрынғыдан да мол деңгейде білім беру деген сөз. Демек, бүгінгі заман мұғалімі қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан-жақты, білімді, жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген, оқушының жан-жақты дамуын ұйымдастыра алатын жаңашыл тұлға болуы керек. Бүгінгі таңда білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Осыған орай қазіргі білім саласының мамандары үнемі оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында іздену үстінде. Білім беру жүйесіндегі шешуші жолдардың бірі- оқытуды жаңаша ұйымдастыру немесе технологияландыру деп түсінемін.
Қазіргі заман талабына сай білім берудің даму бағыты мен тенденцияларын қамтитын 50-ден астам педагогикалық технология қолданылып келеді. Түрлі зерттеулер нәтижесінде бұл технологиялар мектеп тәжірибесіне де енгізілген. Әрі қарай технологиялар мәселесін қазақ тілі пәні төңірегінде өрбітсем, қазақ тілі мұғалімінің міндеті – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, осы мақсатқа жететіндей тиімді жол іздеу, тіл үйренушіні сол тілде сауатты сөйлету.
Педагогикалық технология бойынша оқушының тіл мәдениетін білім, білік, дағды арқылы дамыту керек. Әр оқушының деңгейіне қарай бағдарлама дайындау қажет. Ол үшін әр түрлі бағыттағы бағдарлама құру, әр оқушының жеке жұмыс қабілетін ескеру, сынып тапсырмаларын, үй жұмысын баланың ерекшеліктерін ескере отырып беру керек
Біз өз іс- тәжірибемізде Ж. Қараевтың «Деңгейлік оқыту» жүйесіне, Н.Оразахынованың «Сын тұрғысынан ойлау» жобасына, ақпараттық коммуникативтік технологияға (АКТ ) сүйеніп сабақ өткіземіз. Бұл технологиялармен жұмыс істеу барысында әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану балалардың тілін дамытып, тілді меңгеруге мүмкіндік береді. Әр технологияның өзіндік ерекшеліктері бар. Оны оқушылардың ойлау, қабылдау қабілетін аңғару, оқушыға тиянақты білім беру, сабаққа деген қызығушылығын арттыру жолының бірі деп есептеймін. Мысалы, сын тұрғысынан ойлау- ең алдымен шығармашылық ойлау. Шығармашылық ойлау нәтижесінде жаңалық ашылады, тұлғаның дамуы жеделдейді. Аталмыш жобаның негізгі идеялары мен қағидалары — оқушы өзіне керекті ақпаратты таңдай біліп, оны игеру тәсілдерін үйрену керек. Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығуды ояту, мағынаны тану, ой-толғаныс, түртіп алу (инсерт), ВЕНН диаграммасы сияқты т.б. кезеңдерден түзіледі.
Ой шақыру. Үйрену үрдісі-бұрынғы білетіні мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Сабақ, негізінен, қарастырылғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғау, ояту жүзеге асады. үйренушінің белсенділігі артады. Мысалы, қазақ тілі сабағындағы «Етістіктің осы шағы» тақырыбында жаңа тақырыпты түсіндірмес бұрын қызығушылықты ояту кезіндегі «ой шақыруда» (интерактивті тақтадан жұпыны теректің суреті көрінеді), теректі жайқалту үшін сондағы сұрақтарға жауап беру керек. Жауаптары дұрыс болса, теректің әр бұтағы жапырақ жаяды. Сұрақ үлгілері: «Етістік нені білдіреді? Етістік қандай сұрақтарға жауап береді? Етістіктің қандай категориялары бар?», т.б. Терек жайқалып «дана ағашына» айналғаннан кейін жаңа тақырып түсіндіріледі.
Мағынаны тану. Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Ең бастысы, оқушы өзінің белсенді әрекеті арқылы өз білімін анықтайды.
Ой-толғаныс. Күнделікті оқыту үрдісінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарау, баға беру. Сол арқылы тәрбиелікке, даналыққа бастау алады. Әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады.
Жаңаша оқытудың ерекшеліктері арқылы оқушының нені білетінін, нені меңгергенін, нені меңгермегенін білуге болады. Сабақты қорыту кезінде етістіктің үстеумен сабақтастығын ВЕНН диаграммасын қолдану арқылы қорытындыладым. Бұл стратегияда ұқсастық пен ерекшелік салыстырылады, оқушының байқағыштығы мен ажырата білуі байқалады, сабақ нәтижесінде оқушының оқуға қызығуы артады, іскерлік дағдысы, ойлау белсенділігі, тапқырлығы, сенімі қалыптасады.
Сабақ қызықты әрі тартымды өтуі үшін тиімді әдіс-тәсілдің бірі-деңгейлеп оқыту. Бұл технология әдісі оқушылар үшін қандай нәтиже береді?
Деңгейлеп оқыту әдісі сабақтың мақсатына қарай әр түрлі жұмыстар арқылы жүзеге асады. Демек, бұл әдіс оқушылардың өз бетімен сөз тіркесін, сөйлем құрастыру, жоспар құру, әңгімелеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында оқушының мынадай іс-әрекеттері жүзеге асады :
— тапсырманы орындауда ұтымды жолдарды қарастыру әрекеті.
— жұмысын жоспарлай білу әрекеті.
— өткен тақырып пен жаңа тақырыпты салыстыру әрекеті.
— тексеру әрекеті.
— қатені түзетуі.
— өзіндік тұжырым жасап, қорытынды жасау әрекеті.
Аталған әрекеттердің жүзеге асуынан оқушылар не алады? Олар
— төменгі деңгей тапсырмасымен өз бетімен жұмыс істеуге бейімделеді,
ойын қорытындылайды
— ортаңғы деңгейлік тапсырма бойынша теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асырады,
— жоғары деңгейлік тапсырмада ойлау, іздену, шығармашылықпен жұмыс істеу қабілеті дами түседі, сөздік қоры молаяды, тіл заңдылықтарын қолдануға қабілеттенеді.
Оқыту технологияларын сабақта тиімді қолданған күнде ғана білім
сапасы артады және оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсерін тигізеді. Жаңа әдіс-тәсілдерді мән-мағынасына, ерекшеліктеріне қарай таңдап, қолдана білсек, балаға білім беруде ұтарымыз анық. Әрбір оқытушы — жаңалық жаршысы. Ол барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану, жаңа технологияны қазіргі заманға бейімдеу, оқытуды жетілдіре түсу, жастарға білім берумен қатар, оларды халықтың ұлттық дәстүрі үрдісінде адамгершілікке баулу, білім деңгейінің мемлекеттік және халықаралық стандартқа жетуіне күш салуды өзінің басты міндеті екенін естен шығармау керек.Сонда оның оқытуы нәтижеге бағытталып, жеке тұлға тәрбиеленеді.
Жаңа технологиялардың тиімділігінен мынадай оң нәтижелерге қол жетеді
оқушылар өз бетімен ізденуге үйренеді,
оқуға деген қызығушылығы артады,
іскерлік дағдысын дамытады,
ақпаратты саралауға, жүйелеуге дағдыланады,
сұрақ қойып, сұрақтарға жауап беруге дағдыланады,
мақсатқа өз бетімен ұмтылады,
ойлау белсенділігі, тапқырлығы артып, негізгі түйінді табуға машықтанады,
шығармашылық белсенділіктері артады. [2]
Сабақ оқушының ой өрісін дамытып, терең білім алуына жағдай жасайды және оқушы бірде басқаға көмектессе, бірде басқадан өзі көмек алады. Ақын М. Мақатаев айтқандай «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығады»
Өз іс-тәжірибемде нені пайдаланып жүрмін және қалай? деген сұрақ беретін болсақ, «Оқытуда жүйелі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы тіл үйрету» деп аталатын әдістемелік тақырыпта жұмыс жүргіземін. Мұндағы мақсатым- ауызша және жазбаша жұмыстарды жүйелі қолданып, ауызекі сөйлету. Оқушыны нәтижеге бағытталған білімді іске асыруға дайындау. Оның өзекті мәселесі- қоғамның қажеттілігін қанағаттандыра алатын, өзіндік сөздік қоры бар, мемлекеттік тілді меңгерген тұлға шығару. Өзім сабақ барысында АКТ -ын қолданамын. Оның ішінде деңгейлеп оқыту, сын тұрғысынан ойлау технологияларының сабаққа сай элементтерімен жұмыс жасаймын, интерактивті тақтаны қолданып, технологиялардың тиісті стратегияларымен, кезеңдерімен сабақтар жүргізу тәжірибеме енген. Оқушыларды шығармашылықпен айналысуға, өз беттерімен ізденуге баулимын. Өзімнің жетекшілігіммен жасаған оқушылардың тұсау кесер жұмыстары бар. Бұл деген түрлендіре жүргізілген оқу-танымдық жұмыстардан шәкірттің жеке қабілеті мен белсенділігінің дамуына, шығармашыл тұлға болып қалыптасуына бейімделгендігін көрсетеді. Бұдан шыққан нәтижелер де жоқ емес. Қазір де шығармашылық деңгейге көтерілетін дарынды балалармен жұмысты жалғастырып жүрмін. Жаңа инновациялық әдістердің тиімділігінен олар өз беттерімен ізденіп, қазақша шығармашылық жұмыстар жасау мүмкіндіктеріне ие.
Өз жұмысымызға жанқиярлықпен қарап шәкірт өсірсек, шәкірт те оң мен солына, ұстазына қарайды. Сондықтан шын ниетпен, шебер де білімді күшімізбен, сеніммен, заманауи жаңалықты қабылдап, ұлттық қасиеттерімізді асқақтата отырып бала жүрегіне жол таба білейік.
Сөзімнің соңын Абай атамыздың мына бір ұлағатты сөзімен аяқтағым келеді: «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі іздеп таппайды. Басында алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» [5].
ӘДЕБИЕТТЕР
1.ҚР Білім туралы Заңы 2007.
2. «Қазақстан мектебі» журналы 2009.
3. «Білімдегі жаңалықтар» журналы №2,3. 2008.
4.Жанпейісова М. «МСодульді оқыту технологиясы» әдістемесі
5. Абайдың қара сөздері А. Өнер. 2006.
6. Қараев Ж.А. «Үшөлшемді әдістемелік жүйе» 2007.