Басы » Жаңалықтар » Мектеп асханасында тышқан жүрген видео желіде тарады

Мектеп асханасында тышқан жүрген видео желіде тарады

Әлеуметтік желіде мектеп асханасында тышқан жүргені туралы жазба тарап, көпшілік арасында алаңдаушылық тудырған болатын. Осы оқиғаға байланысты Ақсу аудандық білім бөлімі пікір білдірді.

Телеграмм арналарында мектеп асханасында тышқан жүргенін түсірген бейнемазмұн тарады. Қызығы, тырс еткен дыбыс естіген тышқан адам жақын барып бейнежазба түсіріп жатқанда қашпайды, бәлкім, қашуға жағдайы жоқ болар.

Жетісу облысының Ақсу аудандық білім бөлімі осы жағдайға қатысты пікір білдіріп, төмендегілерді мәлімдеді:

– Видео Ақсу ауданының Қаракемер орта мектебінің асханасынан түсірілгені анықталды. Мектеп асханасын пайдалану үшін 2024-2025 оқу жылында «Шебер ЖК» мердігер ұйымы жауапты. Мектеп асханасына дератизация жүргізу үшін оқу жылының басында ҚР ДСМ санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жетісу облысы бойынша филиалының Ақсу аудандық бөлімшесімен келісімшарт жасалған. 2024 жылы қараша айында асханаға «Фипрат ALT» ТБ препаратымен дератизация жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, осы жылдың басында Ақсу аудандық санитарлық-эпидемологиялық бақылау басқармасы тарапынан білім беру ұйымдарына тексеру жұмыстары жүргізілгенін атап өтеміз, – деді Ақсу аудандық білім бөлімінің өкілі.

Ал аудандық санитариялық-эпидемиялық бақылау басқармасы жоспардан тыс тексерулер тек анонимді шағымдар негізінде жүргізілмейтінін хабарлады.

– Бейнемазмұндағы көрсетілген жағдайларға байланысты Ақсу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін «Е-өтініш» порталы арқылы нақты зиян немесе қауіп туғызатын бұзушылықтар туралы өтініш беру керектігін ескертеміз, – деп мәлімдеді Ақсу аудандық санитариялық-эпидемиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Әйгерім Санаққызы.

Айта кетейік, осыған дейін Жетісу облысында 4000 оқушы тыйым салынған сайттарға кіргені хабарланған болатын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *