«Мың бала» олимпиадасы: ауыл оқушыларына ерекше мүмкіндік
Соңғы бес жыл ішінде ауыл мектептерінің 754 мыңнан астам 6-сынып оқушысы «Мың бала» олимпиадасына қатысып, олардың ішінен 1800-ге жуық бала дарынды балаларға арналған мектептерге тегін қабылданды.
Биылғы олимпиадаға қатысу үшін тіркеу 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында өтеді.
Олимпиада екі кезеңнен тұрады:
I кезең (1-10 сәуір) — онлайн форматта өтеді. Қатысушылар логикалық және кеңістіктік ойлау қабілеттерін тексеретін 40 сұрақтан тұратын тестілеуден өтеді. Бұл сынаққа қатысу үшін камерасы бар ноутбук немесе компьютер қажет. Сондай-ақ, оқушылар өз мектептерінде немесе өңірлік «Дарын» орталықтарында тест тапсыра алады. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 5000 оқушы келесі кезеңге жолдама алады.
II кезең (28-30 сәуір) — академиялық білім деңгейін бағалауға арналған тестілеу жүргізіледі. Қатысушылар математикалық сауаттылық, тіл (қазақ немесе орыс тілі), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша 100 сұраққа жауап береді. Тестілеу ұзақтығы – 150 минут.
Олимпиаданың жеңімпаздары «Дарын», «Білім-инновация лицейлері», Республикалық физика-математика мектебінде тегін оқуға мүмкіндік алады.
Бұл олимпиада – ауылдық жерлердегі дарынды оқушылар үшін үлкен мүмкіндік!